ҰЛТЫМ ДЕГЕН ҰЛАНДАР
ҰЛТЫМ ДЕГЕН ҰЛАНДАР
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «2019-Жастар жылы» бағдарламасы аясында 29 қаңтар күні Өскемен қаласы әкімдігінің №46 орта мектебіне еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар Қалқаман Сарин мен Қанат Ислам ат басын тіреп қайтты. Қазақстанның біртуар азаматтарының біздің шаңыраққа келгендегі мақсаты – ел болашағы жастар қолында екенін жас буынға насихаттау еді.
Ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, 4 баланың әкесі Қалқаман Сариннің жас ұрпаққа берер сөзі мәнді, өтімді болды. « - Балалар, сендер – елдің тірегі, болашағысыңдар! Мағжан ағамыз «Мен жастарға сенемін!» - деп 19 ғасырда ұрандатқан. Мемлекетке үлес қосам десеңдер, жаман қылыққа баспай, жақсы қасиеттерді бойларыңа жинаңдар, ұлттық құндылықтарды ұмытпаңдар, оларды дәріптеңдер!Барлық игіліктерді бойларыңа сіңіріңдер. Білімді, жаңа технологияны меңгерген ұрпақ – ел тұтқасын мығым ұстайды.» Қалқаман ағамыз «Жақсылық жаса» атты авторлық өлеңін оқып, көрермен жүрегіне үлкен ой салды.
Қазақтың кәсіпқой боксшысы, WBA Fede Caribe тұжырымының чемпионы, 5 баланың әкесі Қанат Ислам да қазақы мінезімен, сабырлығымен сол кездесуге жиналған 9,10,11-сынып оқушыларына ерекше әсер берді.
« - Спортсмен болу үшін жүрек және мінездің беріктігі керек. Рухың мықты болу қажет. Мен елімнің алдында үлкен жауапкершілікті сезінемін. Халқым тақымын қысып, менің жеңісімді күтеді. Елдің жүгін көтеремін деп шыққан соң мен оған жұмыс жасау қажетпін. Сол үшін күн режимін қатаң сақтаймын. Сендер озат оқушы болуларың үшін көп оқу керексіңдер. Сонда басқадан мықты боласыңдар. Мен де күнде әр минутымды босқа өткізбей, күнде жаттығу жасаймын, кола, пепси ішпеймін, нан, торт жемеймін, пайдалы, құнарлы тамақ жеймін, күніне 30 минут кітап оқимын. Сендерге де кеңес беремін.» - деген сөздері саналы ұрпаққа талай ой салды.
Оқушылар бар ынталарымен ұйып тыңдады. Көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, ұтқыр жауап алды. Кездесу соңында қонақтар оқушы, ұстаздармен естелік суретке түсіп, мектебімізді аралады. Мектеп басшысы Гүлфарида Базарбаевнаға осындай ілтипатпен қарсы алғаны үшін қонақтар ризашылығын білдірді.