14.01.2020-28.01.2020 аралығында бастауыш сыныптар шығармашылық күндері өтілді
Өскемен қаласы әкімдігінің
«№46 орта мектебі» КММ
Оқу ісі меңгерушісі, бастауыш сынып мұғалімі Каирбаева Еркеш Ергалиевна
14.01.2020-28.01.2020 аралығында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты бастауыш сыныптар шығармашылық күндері өтілді.
Шығармашылық күндерінің негізгі мақсаты – оқушылардың барлық пәнге қызығушылығын арттыра отырып, әр түрлі шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жан-жақты дамытып, ұлы Абайдың шығармашылығымен таныстыра отырып, олардың бойына адами құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету.
Апталықтың басты міндеттері - мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеруде өзара іс-тәжірибе алмаса отырып, жаңартылған білім беру аясында қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыру жолдарын нығайту.
Апталық аясында мұғалімдер барлық пәндерден ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізді. Өткізілген сабақтар мен шараларда оқушылар аса зор қызығушылықпен белсене қатысты.
Атап айтсақ, Абайдың қара сөздерінен 2-4 сыныптар арасында көркем жазу сайысы, Абайдың өлеңіндегі табиғат бейнесінен сурет байқауы, кітапханаға саяхат, эстафеталық жарыстар, мектепалды даярлық топтар арасында ертегілерден көріністер, 1-сыныптар арасында интеллектуалдық ойындар,
3-сыныптар арасында «Абайды оқы, таңырқа!» атты танымдық сайыс сабақтар ұйымдастырылды. Сабақтың ерекшелігі оқушылармен бірге ата-аналар сайысқа қатысып өз өнерлері мен білімдерін көрсетті.
4-сыныптар «Абай-дара, Абай-дана қазақта!» атты өздерінің сахналық қойылымын ұсынды.
23 қаңтарда «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушылары Құсайын Д.Б. және Жаксылыкова Г.И. курстан ке йінгі педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері Мұқашева А.Т., Шорманова А.Т., Батталова Г.Т. ашық сабақтарына қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Соңында «Дара бала» атты қорытынды кеш ұйымдастырылып, Абайдың әндері мен өлеңдері орындалып, оқушылар мақтау қағазымен марапатталды.


Негізгі назар оқушылардың заманына қарай жан-жақты икемделіп, тұтас эмоционалды сферасын дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашатын шығармашылық әлеуетін анықтауға аударылды.
Мұғалімдер өткізген сабақтарымен, Абайға арналған түрлі өздерінің шабыттанған шығармашылық өнерлерімен оқушылардың жаны мен жүрегіне ене білді және олардың жарқын болашаққа деген үміттері мен ізгілікті сезімдерін оятуға ықпалын тигізді деп сенеміз.
Жалпы алғанда, шығармашылық күндері оқушыларға жалпыадамзаттық құндылықтардың маңыздылығын көрсетті.
Соңында мұғалімдер осы шығармашылық күндерінің тамаша өту сәтінде сезінген өздерінің жағымды әсерлерін бір-бірімен бөлісті.








